Қазақстанда қанша халық әртісі бар?
Президент кеше "Қазақстанның халық әртісі" атағы қайта беріле бастайтынын жариялады.Бұл құрметті атақ "Қазақ АКСР халық әртісі" деген атаумен 1920 жылдардан бері беріліп келсе, Қазақстан тәуелсіздік алған соң, 1991 жылы "Қазақстанның халық әртісі" атағы деп өзгерді. Ал 1999 жылғы шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылған болатын.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде "Қазақстанның халық әртісі" атағына ие 51 адам бар. Олардың 44-і мемлекеттік мәдениет мекемелерінде жұмыс істейді.
Еске салайық, Мәдениет және спорт министрлігі "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы үшін берілетін үстемеақы мөлшерін базалық лауазымдық жалақының 100 пайыз мөлшеріне дейін (қазіргі таңда – 50%) өсіруді жоспарлап отыр. Үстемеақыны арттыру үшін үш жылдық республикалық және жергілікті бюджеттерден 16,5 млн теңге қосымша қаражат жұмсалатынын жазған болатынбыз.
Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, 2023 жылғы қазан айында – Республика күнінде бірқатар мәдениет қайраткерлері "Қазақстанның халық әртісі" атағымен марапатталады.
Оқи отырыңыз: Президент "Қазақстанның халық әртісі" атағын қайтаратынын айтты