Мәдениет және спорт министрлігі Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларына өзгертулер енгізіп, спорттық жарыстарға қатыстырылатын жануарлардың түрлерін нақтылауды көздеп отыр. Атап айтқанда, бұл санатқа тек жылқы, ит және құс түрлері жатқызылады. 

Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңда "Спорттық жануарлардан басқа жануарлар, бұралқы жануарлар және қызметтік жануарлар" деген ұғым берілген. Соған орай, спорттық жануар түрлерін нақтылау мақсатында Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларына өзгертулер енгізіледі. 


Оқи отырыңыз: 


"Спорттық шараларға қатысатын жануарлар – спорт түрлерінің ережесі бойынша жарысқа қатыстырылатын жануарлар. Олар, негізінен, ат жарыстарына (бәйге, конкур және т.б.), кинологиялық спорт (ит шанамен жарыс, ит жарыстары) және ұлттық құсбегілік спорт жарыстарына қатысады", – делінген Мәдениет және спорт министрлігінің құжат жобасына түсіндірме жазбасында. 

Құжат жобасын талқылау мерзімі – 12 маусымға дейін.