Қазақстанда петиция беруге арналған ресми сайт ашылады. Оның талаптары қандай?
Заң жобасында петиция беруге жатпайтын тақырыптар да қарастырылған.Қазақстан азаматтары арнайы интернет портал арқылы петиция бере алады. Бұл туралы "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасында жазылған.
Заң жобасында петиция беру тәртібі айқындалған. Атап айтқанда петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған Қазақстанның кемінде 150 азаматы қосылуы қажет.
"Мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елдерде (АҚШ, Өзбекстан және тағы басқа елдер) қолданылады. Оның мақсаты – қоғамдық деңгейдегі мәселе емес, жекелеген азаматтардың өтініштерін қысқартуға мүмкіндік береді", – деді Мәжілісте заң жобасын таныстырған ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Петиция қаралуы үшін қойылатын дауыстардың шекті мәндері бар:
- аудандық деңгейдегі әкімдіктер: халқы 50 мыңнан асатын болса – 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5 пайызы болуы керек.
- аудандық деңгейдегі мәслихаттар: халқы 50 мыңнан асатын болса – 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 пайызы;
- облыстық деңгейдегі әкімдіктер – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1 пайыз дауысы;
- облыстық деңгейдегі мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2 пайызы;
- республикалық деңгей, яғни үкімет – кемінде 50 мың дауыс.
"Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Оған мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерін, аарламент және мәслихат депутаттарын, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктер өкілдерін шақырады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Дархан Қыдырәлі.
Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.
Заң жобасында петиция беруге жатпайтын тақырыптар да қарастырылған.
"Басқару нысанын, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын, сот төрелігін, рақымшылықты, ұлттық қауіпсіздікті және тағы басқа өзгерту сияқты мәселелер бойынша петициялар беріле алмайды, "тыйым салынған" тақырыптардың тізбесі конституциялық және қылмыстық құқық, референдум туралы Заң негізінде қалыптастырылған", – деді министр.