Қазақстанда мопед пен велосипедтерге мемлекеттік нөмір тағу міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. 

Кулуарда журналистер министрден "Самокаттарға мемлекеттік нөмір тағу қажет пе?" деп сұрады. 

"Бұл мәселе қазір қарастырылып жатқан жоқ, бірақ біз оны кейінірек қарастырамыз. Бүгінде, өкінішке қарай, мопед пен самокат жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Сондықтан, мұны заңмен реттейтін уақыт келді", – деді министр.

Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер жол қозғалысына қатысушылардың, ең алдымен барлық жаяу жүргіншілердің, самокат, мопед жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарастырылып жатыр.


Оқи отырыңыз: "16 жастан бастап рұқсат". Электр самокат тепкенде нені ескерген жөн?


Айта кетейік, Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Жобада депутаттар электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынды.

Жобаға сәйкес:

  • электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады;
  • жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады;
  • электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады;
  • тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі;
  • электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі, үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.