Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың мерзімі қысқарды
Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың мерзімі бірнеше есе қысқартылды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
"Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заңға сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мерзімін барынша қысқартуды қамтитын жаңа ережелер қабылданды.
"Конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау — 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау — 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады", – деп жазылған хабарламада.
Рейтингтік-балдық жүйені қолдану арқылы өткізілетін конкурс (автоматтандырылған сатып алу тәсілі, жеңімпазды веб-портал айқындайды) арқылы сатып алу жеңімпаздары жиналған ұпайлар негізінде бес жұмыс күні ішінде (бұрын мерзімі 29 жұмыс күнін құраған) айқындалады.
Олар жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдарының болуы, кешіктірулердің болмауы және басқалары үшін беріледі. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды. Сонымен қатар жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.