Қазақстанда күнбағыс өсіретін шаруалар экспорттық баж салығын алып тастауды сұрайды. Айтуларынша, шикізаттың бағасы түсіп, фермерлер шығынға шаш етектен батқан, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Жандос Мұрат – бір мың гектарға егін егіп, табыс тауып отырған шаруалардың бірі. Ол алқаптың жартысына шемішке егіп, құнарлы өнім алып жүр. Бірақ Үкімет күнбағыс экспортына баж салығын енгізгеннен кейін оның бағасы екі есе төмендеген. 

"Мен баж салығына қарсымын. Өйткені ол бағаны арзандатады. Бұрын 220-230 теңге болса, қазір 150 теңгеге түсіп отыр. Ал ол өз бағасы ғана", – деді шаруа Жандос Мұрат. 

Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері күнбағысқа экспорттық баж салығын енгізу дұрыс қадам екенін айтады. Өйткені соның нәтижесінде өндіріс көлемі артып, күнбағыс майының бағасы 30 пайызға түскен. Ал баж салығы шаруаларға шикізатты өзге елге сатуға тыйым салмайды. Сондықтан еш кедергілер көріп тұрғанымыз жоқ, дейді. 


Оқи отырыңыз: Күнбағыс майы бір жылда 20 пайыз қымбаттады


"Біз баж салығын алып тастасақ, ертең күнбағыс майы тапшы болуы мүмкін. Нәтижесінде бағасы шарықтайды. Мақсатымыз –  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Енді қарашада жаңа өнім жиналғанша шикізат жеткізуіміз керек. Қалған жағдайда шектеуді алып тастаймыз", – деді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Шәймерден Ахметов. 

Еліміздің майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының төрағасы "Біз отандық өндірісті дамытамыз десек, ең алдымен Қазақстандағы зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуіміз керек", дейді. Ал күнбағысты экспортқа шығару алыпсатарларға тиімді. Сол себепті трейдерлер барлық жағдайды ушықтырып отыр деген пікірде. 

"Біз елімізде бірнеше рет өңдеуді дамытуды қолға алып отырмыз. Сол үшін, ең алдымен, шикізатпен өзімізді қамтып алу керек. Әйтпесе, көрші елдерге шикізатты сатып, кейін солардан дайын өнімді алғаннан пайда жоқ. Ал оның бағасы шаруаларға да, өңдеушілерге де тиімді болуын қарастыру – ол басқа мәселе", – деді Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда күнбағыс майы бір жылда 60% қымбаттады, импорт үлесі – 50%


Мамандардың айтуынша, бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың шығынын жабу үшін қолдау көрсетуі тиіс. Сонда ғана фермерлердің мәселесі оң шешімін табады.