Қазақстанда көзі нашар көретін балалардың 11 пайызы ғана арнайы оқулықпен қамтылған
Мектептерге "педагог ассистент" лауазымы енгізілгелі аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсету 98%-ды құрады.Елде ерекше балалар санатына жататын 161 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олар жалпы балалар санының 2,65%-ын құрайды. Республика бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау үшін 87 педагогикалық-психологиялық консультация орталығы ашылған. Заң бойынша бір ПМПК 60 мың балаға ашылады, елде тағы 21 ПМПК ашылуы тиіс. Ең көп қажеттілігі бар өңірлер – Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, деп мәлімдеді мектепке дейінгі арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ҰҒП орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.
"Елде 50,1% балабақшада мүмкіндігі шектеулі балаларға қажет жағдай жасалған. Оның ішінде 43 балабақшада 234 арнайы топ бар. Сондай-ақ, 1 420 балабақша инклюзивті білім берумен айналысады. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдарда 19 мыңнан астам баланың ерекше қажеттілігі ескеріліп отыр", – деді Әйгерім Күдеринова.
Осы орайда, орталық директоры мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу ордаларында балаларға арнайы көмек бағдарламаларының әзірленіп жатқанына тоқталды. Айтуынша, стандартпен оқыту бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ерекше білімді қажет ететін балалар коэффициенті ұлғайған.
"Республикада инклюзивті білім беру бойынша келесі өңірлер жоғары көрсеткішке ие болып отыр – Атырау, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан. Ал керісінше Алматы, Шымкент және Солтүстік Қазақстанда көрсеткіштер төмен. Мектептерге "педагог ассистент" лауазымы енгізілгелі, аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсету 98%-ды құрады. Сондай-ақ, мониторинг барысында ақыл-ой кемістігі бар балалардың – 54,8% ғана, көзі нашар көрсетін балалар 11,2% ғана оқулықпен қамтылғаны белгілі болды", – деді Әйгерім Күдеринова.
Мұнымен қатар, ол қазіргі таңда 99 арнайы мектепте 15 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алып жатқанын айтты. 432 жалпы білім беретін мектепте 1 200 арнайы сынып ашылған. Онда 9 мыңнан астам бала оқиды.