Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы орташа еңбекақыдан 7,6 пайыз төмен
Бір жылда медицина қызметкерлерінің саны 15,8 мыңға артты.Денсаулық сақтау саласына келіп түсетін инвестиция көлемі үш есе азайды. Жалпы инвестицияның тең жартысы үш өңірге ғана тиесілі, деп хабарлайды finprom.kz сайты.
Әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау саласының капиталындағы инвестиция көлемі 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында 160,1 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үштен бірге кем. Дағдарысқа дейінгі 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында инвестиция көлемі бір жарым есе өскен еді.
Сектордағы инвестициялардың жартысынан астамы банктік емес қарыз қаражатына (47,3 млрд теңге), сондай-ақ, өз қаражатына (46,5 млрд теңге) тиесілі. Жергілікті бюджет пен республикалық бюджет 38,6 млрд теңге және 20,6 млрд теңгені құрады. Ал банктерден алған несие көлемі 7 млрд теңге болды.
Қазақстан бойынша инвестиция көлемінің тең жартысы үш өңірге тиесілі: Алматы (33,6 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (28,2 млрд теңге) және Түркістан облысы (20 млрд теңге).
Оқи отырыңыз:
- 1 қазаннан бастап дәрігерлердің еңбекақысы қалай өзгереді? Кімнің табысы артады?
- Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын қалай арттырамыз? Гериатр дәрігермен сұхбат
Ал керісінше ең аз капитал келесі өңірлерде байқалды:
- Атырау облысы – 728,8 млрд теңге;
- Ақтөбе облысы – 2,1 млрд теңге;
- Павлодар облысы – 2,2 млрд теңге.
2021 жылдың үшінші тоқсанында денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер саласындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 225,1 мың теңге болды. Ал ең жоғары жалақы аурухана ұйымдары мен денсаулық сақтау саласында болды. Алғашқысында – 237,5 мың теңге, кейінгісінде – 230,4 мың теңге.
Десе де, денсаулық сақтау саласындағылардың жалақысы елдегі орташа жалақыдан төмен болып отыр. 2021 жылдың үшінші тоқсанында айырмашылық – 7,6%, оның алдындағы жылы – 10,9%, 2019 жылы 27,4%-ды құрады.
2021 жылдың үшінші тоқсанындағы есеп бойынша елде медицина саласында 477,5 адам жұмыс істейді. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 15,8 мыңға көп.