Қазақстанда банктерге тойға несие беруге тыйым салына ма?
Олжас Қизатовтың айтуынша, мемлекет несие мөлшерін белгілеуге араласа алмайды.Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов тойға несие алуға тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, банктерге тойға несие беруге тыйым салу – олардың ішкі саясатына араласқанмен бірдей.
Бүгінде қазақстандықтар арасында тойға несие алатындар көп. Алайда бұл несиені барлығы бірдей өтей бермейді.
Олжас Қизатовтың айтуынша, мемлекет банктердің ішкі жұмысына араласа алмайды. Тойға несие беруге де тыйым салу мүмкін емес.
Оқи отырыңыз: "Үш адамға кредит әперіп, үшеуін де өзім төледім". Қазақтар неге жақындарына несие алып беруге бейім?
"Тойға несие беруге тыйым салу – банктің ішкі қызметіне араласумен бірдей. Сол себепті қандай да бір несие түрлерін беруге тыйым сала алмаймыз. Адамның бұрынғы қарызы болып, тағы несие алуға барса, ол жағынан шектеу қоюға болады. Ал нақты несие беруге тыйым салуға заң бойынша құқығымыз жоқ. Бұл – банктің ішкі саясаты. Біздің оған араласуға құқығымыз жоқ", – деді Олжас Қизатов.
Мұнымен қатар, агенттік өкілі тойға берілетін несие сомасын да белгілеу мүмкін еместігін айтты.