Қазақстанда Алаш көсемдерінің есімі қанша елді мекенге берілген
Елімізде Алаш және Кеңес қайраткерлерінің есімін жаңғырту бойынша қоғамдық-саяси шаралар жүріп жатыр.Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің хабарлауынша, Қазақстанда "Тарихи тұлғалар" тізіміне сәйкес кешендер тұрғызу, елді мекендерге, саябақтарға, көшелер мен мектептерге келешек ұрпақ үшін үлгі болатын тұлғалар есімдерінің беру шаралары жүзеге асып жатыр.
Ол ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстанда Әлихан Бөкейханның есімімен 1 елді мекен, Ахмет Байтұрсынұлының есімімен 3 елді мекен, Міржақып Дулатұлының есімімен 1 елді мекен, Тұрар Рысқұловтың есімімен 5 елді мекен, Темірбек Жүргеновтің есімімен 3 елді мекен, Сәкен Сейфуллиннің есімімен 3 елді мекен, Ілияс Жансүгіровтың есімімен 5 елді мекен, Бейімбет Майлиннің есімімен 4 елді мекен аталған.
"2023 жылы Алматы облысы Жаңалық ауылындағы археологиялық зерттеу жобасы аясында 50 саяси қуғын-сүргін құрбандарының табылған сүйектерін жерлеу рәсімі өткізілді. 2024 жылғы 30 мамырда "Шерлі тарих: қуғын-сүргін сабақтары" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Алдағы кезеңде Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу мәселесі пысықталып, жан-жақты қарастырылатын болады", – деді Олжас Бектенов.
Елді мекендерден бөлек, Алаш көсемдерінің есімі түрлі ғимараттарға, көшелерге, саябақтарға беріледі және олардың ескерткіш мүсіндері бой көтеріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ахмет Байтұрсынұлының "Шаруашылық өзгерісі" қолжазбасынан тың деректер анықталды