Қазақстанда әкелердің 2 пайызы ғана балаларымен бірге серуендейді. Зерттеу қорытындысы
Аналар арасында бұл көрсеткіш 40 пайызға жуық.Қазақстандық қоғамдық даму институтының мәліметінше, 2020 жылы елде орташа есеппен әйелдер 29,2 жасында тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді. Соңғы 20 жыл ішінде әйелдердің босану жасы 26-дан 29-ға дейін өскен. Ал ер адамдарда бұл көрсеткіш бірнеше жасқа жоғары. Сондай-ақ, зерттеу барысында ата-аналардың қайсысы балалармен бірге уақыт өткізетіні анықталды.
- 2019 жылы бала туу орташа жасы – 28,9 жас;
- 2018 жылы – 28,7 жас;
- қалалық жерлерде – 29 жас;
- ауылдық жерлерде – 28,3 жасты құрады.
Мұнымен қатар, зерттеу барысында елдегі ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы негізделген тәрбиенің бірнеше стилі бары анықталды. Олар – демократиялық, авторитарлық, либералды және жатсыну стилдері.
"Қоғамда демократиялық немесе авторитарлық стиль басым. Авторитарлық стильге бақылау, шектен тыс қамқорлық таныту, мәжбүрлеу, балаға қысым жасау тән. Кейде бұл отбасыларда ұру жазасы мен психологиялық қысым көрсету әдісі қолданылады. Тәрбиенің бұл түрі баланы қорқытуға негізделген", – деді мамандар.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жалғызбасты отбасылардың үлесі өте жоғары. Әрбір бесінші отбасы немесе отбасылардың 20%-ы жалғызбасты аналардан тұрады. Мұнымен қатар, жүргізілген сауалнама ер адамдардың балалармен қарым-қатынасының төмен деңгейде екенін көрсетіп отыр. Аналардың – 38,15%-ы, әкелердің тек – 2,1%-ы және отбасылардың 40,2%-ы балаларымен бірге уақыт өткізеді.
"Сарапшылардың көпшілігі отбасыларда рөлдерді дәстүрлі бөлу бар екенін айтып отыр. Әдетте, ер адам үшін – бұл шешім қабылдау және отбасын материалдық қамтамасыз ету, әйел үшін – күнделікті тұрмыс пен бала күтімі. Мәселен, отбасылардың 70%-ында – ер адам, 4%-ында әйел адам өзі шешім қабылдап, отбасының материалдық жай-күйі үшін жауап береді. 20,6%-ында шешімді бірге қабылдайды", – деді "Отбасы – демографиялық саясаты" әлеуметтік зерттеушілері.
Зерттеуші мамандар сараптамалық сұхбат барысында ата-ана әлеуетін іске асырудағы бірнеше кедергілерді де анықтап отыр. Олар – экономикалық, құндылықтық-нормативтік, ақпараттық, институционалдық, психологиялық, әкімшілік-құқықтық сипаттарға ие.