Қазақстанда 58 мектеп интернет желісіне мүлдем қосылмаған
Ал 192 мектептегі интернет күші сайтарды ашуға жетпейді.Парламент Мәжілісінің депутаттары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған сауалында ауылдық және шағын жинақталған мектептердегі интернет сапасына қатысты талаптарды қайта қарауды сұрады.
2025 жылға дейін Қазақстанда бірыңғай білім беру онлайн-платформасын енгізу көзделген. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бірыңғай білім беру платформасын енгізу үшін "Күнделік", "OnlineMektep", "Mektep.Edu", "Bilimal", "Daryn.Online" секілді бес білім беру ақпараттық жүйесі іріктелген. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында қолдануға арналған интеграциялық жұмыстар және осы платформаның техникалық дайындығы туралы ақпарат берілген. Депутат Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, оны толықтыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай білім беру онлайн платформасы 8 мыңға жуық білім беру ұйымын, 3 миллион оқушы мен 300 мың мұғалімді біріктіреді.
Оқи отырыңыз:
- Мектеп оқушыларының білім алуына арналған 10 мобильді қосымша
- Қандай оқушылар мектеп формасы мен оқу құралдарын тегін алады?
"Алайда бірқатар ауыл мектептерінде сапалы интернетсіз жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қолда бар нәтижелердің еш мәні жоқ. Бүгінде 7550 мектептің 58-інде мүлдем байланыс жоқ. 192 мектепте жылдамдықтың төмендігі сонша, қарапайым сайтты ашу мүмкін емес. Ал интерактивті сервистер туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Министрліктің қалалық және ауылдық мектептерге арналған нормативтік құжаттарында интернет сапасының әртүрлі параметрлері белгіленген. Ауылдағы интернет жылдамдығы қала мектебіне қарағанда бірнеше есе төмен", – деді депутат.
Ол мұндай тәсілмен білім беру бағдарламаларына жаңа цифрлық компоненттерді енгізу білім сапасының алшақтығын арттырады. Ал бұған халықаралық стандарттарға және ұлттық білім беру жүйесін дамыту міндеттеріне сәйкес жол берілмейді.
Осы орайда Nur Otan фракциясының депутаттары келесі шараларды ұсынады:
- бірыңғай білім беру онлайн-платформасына сапалы білім беру контентін интеграциялауды әдістемелік сүймелдеу бойынша жұмысты жалғастыру;
- ауылдық және шағын жинақталған мектептер үшін интернет сапасына қойылатын талаптарды қайта қарау;
- Цифрлық даму министрлігімен және байланыс операторларымен бірлесіп, жаңа бағдарламалық өнімдердің талаптарын ескере отырып, байланыс арналары мен қолданыстағы жабдықтардың мүмкіндіктерін қайта бағалау;
- педагогтер мен оқушылардың білім беру ортасындағы цифрлық теңсіздікті азайту бойынша жол картасын әзірлеу.