Қазақстанда 4,5 мың адамға кәсіп бастауға 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант беріледі
Тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер грант алуға өтінім бере алады.8 сәуірде business.enbek.kz порталында бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады.
Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланып отыр. Грант көлемі 400 АЕК, яғни 1 476 800 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін қажет:
- порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ қол қою.
Интернет немесе компьютер болмаса, онда мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.
"Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады", – делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Грантқа ие болған үміткер шартқа қол қойып, тоқсан сайын қаражатты қайда жұмсағаны туралы есеп береді.