Қазақстандықтардың үштен бірі алкогольді ішімдіктер ішеді және шамамен 18%-ы оған тәуелді. Сондай-ақ, аптасына екі реттен жиі ішеді. Осы орайда "Денсаулық" ұлттық қауымдастығы зиянды өнімдердің сыртына олардың әсері туралы ақпарат жазуды ұсынды. 

"Тұтынушыларды өзін жұқпалы емес аурулардан қорғаудың жаңа және тиімді тәсілдері қажет. Мысалы, бұл мақсатта арнайы заттаңбаны пайдаланып, орамасына пайдалы ақпарат орналастыруға болады", – деді "Денсаулық" ұлттық қауымдастығының жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларынан келетін зиянды азайту жөніндегі басшысы Бақыт Түменова.

Қазақ тағамтану академиясының зерттеуі елдегі ересектердің жартысынан көбі (әйелдердің – 55,5%-ы және ерлердің – 49,2%-ы) артық салмақтан немесе семіздіктен зиян шегетінін көрсетті. Ал 14 жасқа дейінгі әрбір жетінші балада (Қазақстан халқының – 14,7%-ы) артық дене салмағы (9,2%) немесе семіздік (5,5%) байқалады. Мәселенің үлкен өзектілігін ескере отырып авторлар Қазақстанда тамақ өнімдерін таңбалаудың бірыңғай тәсілін әзірлеуді ұсынды.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық хирургтер арықтаудың 5 тәсілін ұсынады. Бұл – қандай әдістер және олар қалай жұмыс істейді?


Сарапшылардың айтуынша, тұтынушыларға тамақ сатып алу кезінде саналы таңдау жасауға көмектесу үшін қаптамаға түрлі-түсті маркермен ескерту жазып қоюға болады:

  • артық калория семіздікке әкеледі, бұл жүрек ауруы, ішек қатерлі ісігі, 2 типті қант диабетін тудырады;  
  • тұз мөлшері жоғары тағамдарды тұтыну жүрек-тамыр ауруларының пайда болуына ықпал етеді;
  • бұл өнімде денсаулыққа қауіп төндіретін транс майлар бар, сондықтан балаларға қолданбаған жөн.

Сондай-ақ, өнімнің пайдалы қасиеттері туралы келесі тұжырымдамаларды заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылды: "құрамында қант жоқ", "экологиялық таза өнімдерден жасалған", "құрамында консерванттар жоқ", "денсаулыққа пайдалы" және т.б.

Бұдан өзге мамандар шылым шегудің зиянына тоқталды. Жыл сайын әлемде темекі шегуден жылына – 8 миллион адам, ал пассивті темекі шегудің әсерінен тағы 1 миллион адам көз жұмады. Темекі шегумен күресудің бір әдісі – темекі қорабына денсаулыққа келтірілетін зияны (ДКЗ) туралы ескерту жазу. ДДСҰ мәліметі бойынша, денсаулыққа зиян келтіретін тиімді ескертулер анық, көрінетін және оқылатын болуы тиіс. Сонымен қатар, қаптаманың алдыңғы және артқы жағының кем дегенде 50%-ын таңқаларлық суреттермен қамту қажет. 


Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?


"Қазақстанда әдеттегі темекіден басқа соңғы уақытта электрондық сигареттер, қыздырылатын темекіден жасалатын өнімді пайдалану кең етек жайып келеді. Nielsеn зерттеу агенттігінің дерегі бойынша, Қазақстанда темекі шегушілердің шамамен 7%-ы толығымен түтінсіз өнімге көшкен. Зерттеу авторлары канцерогенді заттардың мөлшері негізінде түтінсіз темекі өнімдерін маркерлердің түс санаттарын қолдана отырып бөлуді ұсынады. Индикация аймағында орналасқан қара түс мұндай өнімдердің құрамында зиянды заттардың өте жоғары деңгейі бар екенін білдіреді. Көк түс – мұндай өнімдерде зиянды заттардың белгілі бір концентрациясы бар екендігі туралы, көгілдір түс – өндірісте зиянды заттардың орташа концентрациясы, ал жасыл түс – зиянды заттардың концентрациясы аз екенін білдіреді", – делінген зерттеуде. 

Мұнымен қатар, зерттеу авторлары Қазақстанда бір жыл ішінде жан басына шаққанда әр адамның 7,7 литр алкоголь ішетінін айтты. Бұдан өзге Қазақстанның алкогольді тұтынумен байланысты өлім-жітім көрсеткіші бойынша Еуропа өңірінде бірінші орынды алатыны белгілі болды. 

Ел тұрғындарының үштен бірі алкогольді ішімдіктер ішеді және шамамен 18%-ы алкогольді ішімдіктерге тәуелді және аптасына екі реттен жиі ішеді. Мәселенің ауқымын ескере отырып, зерттеу авторлары алкогольді ішімдіктерді денсаулыққа қауіп төндіретін санаттарға бөлуді ұсынады.