Қазақстан жастары Үндістан мен Орталық Азия жастарының форумына қатысты
Үндістанда 22-28 наурыз аралығында ІІІ Үндістан-Орталық Азия жастар делегациясы форумы өтті. Қазақстаннан таңдалған жастар делегациясы Үндістанның Дели және Агра қаласына, Гоа штатына сапар шегіп, мәдени және дипломатиялық алмасу бағдарламасына қатысты. Олардың қатарына Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген жастар да қосылды.
Халықаралық іс-шараның басты мақсаты – достық байланыстарды нығайту және жастарды Үндістанның мәдениетімен таныстырып, заманауи дамуын көруге мүмкіндік беру.
Форумның алғашқы күні қатысушылар Аграға сапарлап, әлемнің жеті кереметінің бірі – Тәж Махал кесенесін аралады. Тұтастай ақ мәрмәрдан тұрғызылған сәулет өнері жастарды тамсандырмай қоймады.
Келесі күні бес елдің делегациясы Гоа штатына аттанды. Күн, құм және теңіз өлкесі саналатын Гоа Үндістанның ең кішкентай болса да, бай штатының бірі саналады. Орталық Азия жастары Гоаның сауда және өнеркәсіп палатасы басшыларымен, Жастар ісі және спорт министрлігінің өкілдерімен кездесті. Қатысушылар Гоа штатының губернаторы және бас министрдің жеке қабылдауында болды. Форум қатысушылары Гоа менеджмент институтына ат басын бұрып, плантацияны аралады.
"Үндістандағы форум мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан шабытты сапар болды. India-Central Asia Youth Forum 2025 аясында Орталық Азияның бес елінен келген белсенді жастармен ой бөлісу, идея алмасу өте құнды тәжірибе болды. Сапар барысында Үндістанның бай мәдениетімен танысып қана қоймай, достық байланыс орнату мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызын терең түсіндім. Форумнан мол мотивация мен тәжірибе алып, елге жаңаша көзқараспен, тың серпінмен оралдым", – деді Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Нұрболат Тоқтамыс.
Делиде Қазақстан жастары Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкармен кездесті. Министр алдында Қазақстан мен Үндістан арасындағы тарихи, экономикалық және мәдение байланыстар туралы сөз сөйлеп, пікір алмасты. Форумның қорытынды кешінде Жастар ісі және спорт министрі Мансух Мандавия Орталық Азияның жүз жасын қабылдап, сый-сияпат жасады. Әр елдің көшбасшылары лауазымды тұлғалар алдында сөз сөйлеп, өз елдерінде жастар саясаты қалай жүргізілетінін айтты. Кеш соңында Орталық Азия жастары министрлер алдында өнер көрсетіп, өз елінің мәдениетін паш етті.
Форум қатысушылары әлемдік үздік оқу орындардың қатарына кіретін Үндістанның технология институтына ат басын бұрып, зертханасын аралап көрді. Жастар Делиге келген адам соқпай кетпейтін қасиетті жер – Бабыр баласы Хумаюн жерленген кесенеге барып тәу етті.
Делегация құрамына Орталық Азияның түрлі саладағы жас көшбасшылары кірді. Олар сапар барысында Үндістанның тарихымен, мәдениетімен, бизнес саласымен танысып, елдің бай мәдени мұрасына куә болды.
Қазақстан жастарының сапар барысында алған тәжірибесі мен әсері Үндістан мен Орталық Азия арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтып, ұзақ мерзімді байланыстарды орнатуға ықпал етері анық.