Қазақстан халық әртістерінің үстемеақысы 2 есе артады. Министрлік 3 жылға 16,5 млн теңге сұрап отыр
Үстемеақы қазір базалық лауазымдық жалақының 50 пайызын құрайды, жоба қабылданса, ол 100 пайызға дейін өседі.Мәдениет және спорт министрлігі "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы үшін берілетін үстемеақы мөлшерін базалық лауазымдық жалақының 100 пайыз мөлшеріне дейін өсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы "Ашық НҚА" порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
Бұған дейін ол базалық лауазымдық жалақының 50 пайызын құрайтын еді.
Қаулы қабылданған жағдайда, үстемеақыны арттыру үшін үш жылдық республикалық және жергілікті бюджеттерден 16,5 млн теңге қосымша қаражат талап етіледі.
Бұл өзгерістер өнер қайраткерлерінің еңбегін бағалау, олардың кәсіби қасиеттерін дамыту және жетілдіру, кәсіби шеберлік деңгейін арттыруға және жаңа өнер туындыларын жасауға ынталандыру, жас буынның шығармашылық өсуіне және ұрпақтар сабақтастығына қызығушылық арттыру мақсатында енгізіліп отыр.
Оқи отырыңыз: Ақын Мұхтар Шахановқа "Қазақстанның Еңбек ері" атағы берілді
Айта кетейік, "Қазақстанның халық әртiсі" – музыка мен хореография, театр мен кино, эстрада мен цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан, бұрын "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі", "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болған адамдарға берілетін құрметті атақ.
1999 жылдың шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылған еді. 2022 жылдың мамыр айында президент Тоқаев тиісті министрлікке атақты қайтару туралы тапсырма берді.