Қазақстан университеттерінде өзбек тілі мен әдебиеті оқытылады
Сәйкесінше, Өзбекстан жоғары оқу орындарының студенттері қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті бойынша білім алады.Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасында жазылған. Жоба Ашық НҚА порталында 23 қарашаға дейін қоғамдық талқыға ұсынылған.
Келісім 14 баптан тұратын болса, соның 6-бабына сәйкес, "тараптар (Қазақстан мен Өзбекстан – ред.) Қазақстан Республикасының жоғары білім беру мекемелерінде өзбек тілін, әдебиеті мен мәдениетін және Өзбекстан Республикасының жоғары білім беру мекемелерінде қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін оқып-үйренуге және оқытуға қолдау көрсетеді".
Сондай-ақ, келісім жобасында екі ел арасында бакалавриат пен магистратура бойынша студент алмасу тәжірибесі туралы да баяндалған. Енді жыл сайын қазақстандық 14 студент пен 6 магистрант Өзбекстанға тәжірибе алмасуға барады. Сәйкесінше, олардың орнына өзбекстандық білім алушылар Қазақстанға келеді. Студенттерге тегін жатақхана беріліп, медициналық қызметтерді тегін алуына рұқсат етіледі. Сондай-ақ, тұрақты шәкіртақы төленеді.
Оқи отырыңыз:
- Владислав Тен: Мемлекеттік қызмет иелеріне қазақ тілін білуді міндеттеу қажет
- Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама
Келісім жобасында сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен ғылыми жобаларды жүргізуде, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазуда арнайы шарт жасасу арқылы студент, оқытушы және ғалымдармен де алмаса алатыны жазылған.