"Қазақстан" шахтасындағы жазатайым оқиғаның себебін анықтайтын арнайы комиссия құрылды
Комиссияға Мұса Танабаев жетекшілік етеді.Қарағанды облысындағы шахтада өрт болып, салдарынан 5 адам қаза тапқан топтық жазатайым оқиғаны арнайы тергеу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комиссия құрды.
Комиссияны Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаев басқарады.
"Комиссияның құрамына Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин, ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Абылқасымов, Қарағанды облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Саяш Ахметов, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Абзалиев, Қарағанды облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар және басқалар кірді", – делінген хабарламада.
11 адам ауруханада емделіп жатыр.
Оқи отырыңыз: "Ешбір сөз жұбата алмайды". "АрселорМиттал Теміртау" ұжымы марқұм кеншілердің отбасына көңіл айтты
Еске салсақ, 17 тамыз сағат 10.05-те "Қазақстан" шахтасында Д6 (горизонт-170 м) көмір еңісін қазып жатқан конвейер таспасы өртенді. Өрт кезінде шахтада болған 227 адамның 222-сі жер бетіне аман-есен шығарылды. Бес адам жер астында қалды. Кейін құтқарушылар олардың денесін тапты.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов 19 тамызда қайғылы оқиға болған шахтаға келді. Шахтинск жиналысында ол "АМТ" компаниясының жұмысшылар қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпей, пайда табуға ғана назар аударғанын айтты.
Үкімет басшысы қаза тапқандардың барлық отбасыларына мемлекет пен жұмыс берушіден жәрдемақы, тұрғын үй, оқу ақысы, жұмысқа орналасу және кредиттерді өтеу сияқты қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.