"Қазақстан" шахтасындағы апатта қаза тапқан азаматтардың отбасына қандай көмек көрсетіледі
"Қазақстан" шахтасындағы апат кезінде қаза тапқан шахтерлердің отбасына олардың 10 жылдық жалақысы төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді.
Комитет төрағасының айтуынша, қайтыс болған азаматтардың балаларының оқуға түсуіне де жағдай жасалады.
"Бұл мекемеде жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы 2022-2024 жылдарға арналған ұжымдық еңбек шарты бар. Сол ұжымдық еңбек шарты аясында қайтыс болған адамдарға 10 жылдық жалақысы төленеді. Қайғылы жағдайда қайтыс болған адамдардың отбасына пәтер алып беріледі, балаларының оқуға түсуіне жағдай жасалады",– деді Төлеген Оспанқұлов.
Одан бөлек, апат салдарынан ауруханада жатқан азаматтардың да жағдайы назардан тыс қалмайды. Аталған азаматтардың емделуі мен сырқаттануына байланысты шығындары толық төленеді. Ал мүгедек болып қалған жағдайда, әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан" шахтасында апат болып, жұмысшылар эвакуацияланып жатыр
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай көмек көрсетеді?
- Жерлеуге байланысты шығындарды жабу;
- Қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем;
- 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру төлемі (бала студент болса, 23 жасқа дейін);
- 23 жасқа толмаған балалардың алғашқы күндізгі оқу нысанындағы оқуына және оған байланысты барлық шығыстарға ақы төлеу;
- Жоқ адамдарға тұрғын үй сатып алу немесе ол үшін біржолғы өтемақы;
- Қолданыстағы тұрғын үйді жөндеуге ақы төлеу;
- Ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін жабу;
- Серіктестік кәсіпорындарында әйелдер мен балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
- Әйелдер мен балаларға арналған санаторийлер мен балалар лагерлеріне жыл сайынғы жолдамалар.
Айта кетейік, 17 тамыз күні "Қазақстан" шахтасында өрт болып, 8 адам зардап шекті. Апат кезінде жер астында 227 кенші болған.