Қазақстан Ресеймен бірлескен "Бәйтерек" кәсіпорнындағы үлесін арттырады
Ол Аэроғарыш комитетінің мүлкін бірлескен кәсіпорынның акцияларын төлеуге беру арқылы жүзеге асады.ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Аэроғарыш комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің мүлкін "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамына береді. Бұл арқылы Қазақстан бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесін арттырмақ. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
"Осы қаулыға қосымшаға сәйкес республикалық мүлік ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен "ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінен "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамына акцияларын төлеуге берілсін" делінген қаулы жобасында.
Тізімге сәйкес, Аэроғарыш комитетінің теңгеріміндегі "Зенит-М" ғарыштық ракеталық кешенінің жерүсті ғарыштық инфрақұрылымының ғимараттары, техникалық жүйелері, технологиялық қондырғылары және өзге де мүліктері "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнына өтеді.
Оқи отырыңыз: Ғарышқа киім таңдау қиын
Құжат жобасын талқылау мерзімі – 3 мамырға дейін.