Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құрамына кіруге ниетті емес
Президенттің баспасөз хатшысы ЕАЭО аясындағы интеграция туралы мемлекет басшысының ұстанымын хабарлады.Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды.
"Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы жақында Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысты. Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады. ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді", – деді Руслан Желдібай.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Ресей және Беларусь арасындағы төлем келісімінің күші жойылмақ
Президенттің баспасөз хатшысы Тоқаевтың "экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі" деген сөзін айта кетті. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс.
"Сонымен қатар түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалды. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ", – деді ол.