Қазақстан өңірлерінде 120-дан астам өрт сөндіру бөлімшесі жетіспейді
Министрдің айтуынша, 5 мыңнан астам адам тұратын елді мекендерде мемлекеттік өрт сөндіру қызметі болуы керек.Қазақстанда 120-дан астам өрт сөндіру бөлімшесі жетіспейді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет куларында айтты.
"5 мыңнан астам адам тұратын, мемлекеттік өрт сөндіру қызметі болуы керек аймақтарда 120-дан астам бөлімше жетіспейді. Сол себепті бірден реакция бере алмаймыз. Себебі, төтенше жағдай аймағына, ол өрт болсын, су басу болсын, жетуге біраз уақыт қажет", – деп түсіндірді министр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 255 елді мекенді су басу қаупі бар. Оларда 725 мыңнан астам адам тұрады
Сонымен қатар, министр қауіпсіздік қызметіне бірінші әр кәсіпкер, әр ата-ана өзі жауапты екенін айтты.
"Мен ата-ана үйден шығып кеткенде өрт сөндірушілер пәтерге кіріп, балаларға қарап отыруы үшін, олардың терезеден құлап кетпеуі үшін, сіріңкемен ойнамауы үшін әр тұрғын үйдің жанына өрт сөндіру қызметін қоя алмаймын. Бұл үшін қоғамдағы мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу керек. Ол ата-анадан, өзімізден басталады", – деді министр.