Қазақстан мектептерінде дайындық тобы жұмысын 10 тамыздан кейін бастайды
Оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерге бармаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады1-сыныпқа қабылдау үшін биыл 310 мыңнан астам өтініш түсті. Құжаттарды қабылдау 1 сәуірде басталған, ол 1 тамызға дейін жалғасады. Бұл уақыт аралығында ата-аналар баласын қай мектепке беретінін алдын ала шешіп, қажет құжаттарды уақытылы тапсырып, балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етеді. Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жинақтап, оқулықтар сатып алады және мұғалімдер арасында сағаттарды бөледі.
"Құжаттарды қабылдау мерзімін ұзарттық. Енді құжаттарды қабылдау 4 айға созылады. Бұл ата-аналарға да, мектеп әкімшіліктеріне де оқу процесіне дайындықты алдын ала ойластыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 10 тамыздан кейін мектептерде дайындық тобы жұмысын бастайды, оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерге бармаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады", – деп атап өтті БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Майра Мелдебекова.
Өтініштерді қабылдау Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Мектепке қабылдау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- баланың денсаулық паспорты №026/у-3;
- №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама;
- баланың 3х4 см цифрлық фотосуреті.
Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады.
"Қызыл" аймаққа енген өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтамаларды оқу жылының басталуына дейін ала алады. Ведомствоның болжамы бойынша, осы оқу жылында 1-сыныпқа 380 мыңнан астам оқушы барады.