Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына бейнеүндеу жасап, Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу туралы референдум 5 маусымда өтетінін хабарлады. Сонымен бірге 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы президент жарлығы Ақорда сайтында жарияланды. 

"Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мәселен, президенттің жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. 

"Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет", – деп атап өтті президент. 

Еске салайық, президент бүгін "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Конституциялық заңның мәтіні баспасөз жарияланады.

Ата Заңның шамамен үштен біріне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Олардың негізгілері: 

  • Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді;
  • президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады;
  • жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады;
  • қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
  • Қазақстанда өлім жазасы болмайды;
  • мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;
  • сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
  • мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.