Қазақстан бақытты 149 ел рейтингінде 45-орында тұр. Қала халқына қарағанда ауылдықтардың 76,6%-ы бақытты
Елде жұмыссыз жүрген азаматтардың 64,4%-ы өзін бақытты сезінеді.2020 жылы Қазақстан бақытты елдер рейтингінде 50-орында болды. Бір жыл ішінде 5 саты көтеріліп, биыл 149 елдің ішінде 45-орынға жайғасты, деп хабарлайды ranking.kz.
ТМД елдері ішінде қазақстандықтарға қарағанда Өзбекстан тұрғындары бақытты болып шықты. Ал Молдова, Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Армения, Әзербайжан, Түркіменстан және Украина рейтингте керісінше Қазақстаннан төмен тұр.
Ең бақытты мемлекеттер:
- Финляндия;
- Дания;
- Швейцария.
Ең соңғы орында Ауғанстан тұр.
Рейтинг құрастырғанда бірнеше көрсеткіш ескерілді:
- жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері;
- тұрғындардың өмір жасының ұзақтығы;
- денсаулық жағдайы;
- азаматтық еркіндігінің болуы;
- тұрақтылық;
- жемқорлық деңгейі және т.б.
Наурыз айында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі сауалнама жүргізді. Нәтижесінде:
- өзін толық бақытты сезінетіндер – 67,2%;
- жағдайы қанағаттанарлық – 31,2%;
- өміріне мүлдем көңілі толмайтындар – 0,5%;
- жауап беруге қиналатындар 1,1% екені белгілі болды.
Сондай-ақ, қала тұрғындарына қарағанда ауылдық жердің халқы бақыттырақ екені анықталды. Қала халқының 61,8%-ы өзін бақытты сезінсе, ауылдық жерлердегі азаматтардың 76,6%-ының өз өміріне көңілі толады. Ал жыныстық ерекшелікке байланысты:
- ерлердің – 69,2%-ы;
- әйелдердің 65,7%-ы бақытты.
Жасайтын қызметіне байланысты:
- өз-өзіне жұмыс жасайтындардың – 69,8%;
- жалданып жұмыс жасайтындардың – 67,8%;
- жұмыссыздардың 64,4% өзін бақытты сезінеді.
Қазақстандықтар жасы ұлғайған сайын өзін бақытты сезінеді:
- 15-17 жастағылардың – 75,5%-ы;
- 18–28 жастағылардың – 75,1%-ы;
- 29-38 жастағылардың – 71,4%-ы;
- 39-48 жастағылардың – 65,5%-ы;
- 49 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгілердің – 64,3%-ы;
- Зейнеткерлердің 61,9%-ы бақытты.