Қазақстан елшілігі Украинадағы Қазақстан азаматтарының назарына үндеу жасады, деп хабарлайды елшіліктің баспасөз қызметі. 

"Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылдарының жиілігінің артуына байланысты, қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігі Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерлерге жақын аумақтарды қалдыру немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады", – делінген елшіліктің хабарламасында.

Елшілік барлық азаматты әуе шабуылы туралы ескеріп, дереу баспаналарға баруға, өздерінің қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырады.

"Украинадан Қазақстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтары жерүсті бағыттарын: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі коммерциялық әуе қатынасын пайдалана алатынын ескертеміз. Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы керек. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес. Елшіліктің консулдық бөлімінің байланыс телефондары: +38(044) 4831596, +38(044) 4891031. Қазақстан азаматтарына арналған сенім телефоны (төтенше жағдай кезінде): +380673470408", – деп хабарланған  үндеуде.