Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков қошқар көтеруден жаңа рекорд орнатты. Ол 40 келі қошқарды 5 сағат 26 минутта 3555 рет көтеріп, ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) енді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев азаматты жеке қабылдап, жеңісімен құттықтады.

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Жеңісіңізбен және Қазақстан рекордтар кітабына енуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қошқар көтеру — қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұқаралық спорттық сайыстарға қатысып, насихаттап келе жатқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Қолдау көрсеткен азаматтардың да үлесін атап өткен жөн. Бұл — еңбекпен әрі тыңғылықты дайындықпен келетін жетістік. Осы бағытта әлі де облысымызды танытуға атсалысасыз деген сенім мол, — деді Бейсен Дәулетұлы.

37 жастағы Азамат Нұрғалиұлы құрылыс саласында қызмет етеді. Спорттың бірнеше түрімен айналысады. Қошқар көтеру сайысына қызығушылығы 2018 жылдан басталып, сол уақыттан бері шұғылданып келеді. Ол алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынауды жоспарлап отыр.