"Қазақ тіліне мүлде құрмет жоқ". Депутаттар мемлекеттік қызметке өту сынағын сынға алды
Мемлекеттік қызметке орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында қазақ тілінен өту межесі айқындалмаған.Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеуде "қазақ тілін 100 пайыз тапсырды" деген норма енгізуді ұсынып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа депутаттық сауал жолдады.
"Мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің жағдайы өзекті мәселе болып отыр. Заңмен бекітілген биік мәртебесіне қарамастан, бүгінге дейін мемлекеттік қызмет саласында ана тіліміздің ресми тілдің тасасында қалып отырғаны жасырын емес", – деді мәжіліс депутаты.
Оқи отырыңыз: "Мемлекеттік қызметшілердің бәрі қазақ тілін білуі керек". Кесебаева вице-министрге ескерту жасады
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында "ҚР мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін мән белгіленбейді" деп жазылған. Депутаттардың сөзінше, бұл мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеті жоқ екенін білдіреді.
"Мысалы, "Б" корпусының мемлекеттік қызметке өту сынағында 9 нормативтік құқықтық акті бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көрсетілген. Ал қазақ тілінен өту межесі айқындалмаған. Бұл ана тілге деген құрметтің мүлдем жоқтығын көрсетеді. Мемлекеттік қызметке өткен азаматтарға берілетін сертификатта "Үміткер ҚР мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті" деп жазылады. Бұл анық көзбояушылық емес пе?" – деп жазылған депутаттық сауалда.
Осы орайда мәжіліс депутаттары мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеу кезінде қазақ тілі есепке алынып, үміткер 100% мемлекеттік тілден оң нәтиже шығару керек деген нормалар енгізуды ұсынды.