Қазақ спорт және туризм академиясының 80 жылдық мерейтойына орай Алматыда Күрес залы ашылды
Талай спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығарған Қазақ спорт және туризм академиясы өзінің 80 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізді, деп хабарлады академияның баспасөз қызметі.
Білім ордасының бас ғимаратында "Олимпиадалық спорт және барлығына арналған спорт" атты XXVIII Халықаралық ғылыми конгресс өтті. Пленарлық мәжіліске белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Қазақ спорт және туризм академиясы және серіктес университеттердің, сондай-ақ Халықаралық дене шынықтыру және спорт университеттері қауымдастығының мүшелері қатысты. Спорт саласындағы маңызды мәселелер туралы баяндамалар жасалды. 20-дан аса мемлекеттен келген шетелдік ғалымдар ауқымды шараға қатысып, әсерге толы мерекелік кештің куәсі болды.
Мерекелік кеште талай жыл еңбек еткен ұстаздар мен ғалымдар марапатталды. Әсем ән мен ерекше спорттық қойылымдар жиналған жұртты тәнті етті. Академия түлектері, Олимпиада жүлдегерлері мен зиялы қауым өкілдері, басқа да жоғары оқу орнынан келген қонақтар қатысты. Қазақ спорт және туризм академиясының 80 жылдығына арналған барлық іс-шаралар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 1944 жылы 14 қарашада Орта Азиядағы алғашқы спортшылар мен бапкерлерді дайындайтын Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институты құрылды. Бұл жоғары оқу орны Орта Азия аймағында бірінші болғандықтан, өзбек, қырғыз, түрікмен және тәжік одақтас республикалар үшін де дене шынықтыру-спорт кадрларын даярлауды жүзеге асырды.
1998 жылы 28 қазанда Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі мәдениеті институты Қазақ спорт және туризм академиясы мәртебесіне ие болды. Қайрат Закирьянов басшылық ететін бұл оқу орнының елімізде алатын орны ерекше. Академия құрамында 3 факультет, 11 кафедра, 2 ғылыми-зерттеу институты мен 2 стадион, 1 бассейн, 3 спорттық-техникалық база, 2 студенттер жатақханасы, 1 Олимпиада даңқ мұражайы мен кітапхана бар. 150-ге жуық профессор, докторлар, ғылым кандидаттары мен білікті оқытушылар еңбек етеді. Академияда қазір 4 мыңға жуық студент білім алуда. Сондай-ақ заманауи білім бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында көптеген халықаралық жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнаған.
Қазақ спорт және туризм академиясының 80 жылдығына орай басты жаңалықтардың бірі – Алматыда Күрес залы ашылды. Мың шаршы метр аумақты алып жатқан залға төрт бозкілем қатар сыяды. Кең кешенде қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, самбо секілді спорт түрлерімен айналысуға болады.
Сонымен қатар, бапкерлер күніне ауысыммен 700-ге жуық адамның жаттығуға мүмкіндігі барын айтты.
80 жылда академиядан 80-нен астам олимпиада жүлдегерлері мен 200-ден астам әлем чемпиондары шықты. Сондықтан оқу ордасын қазақ спортының ұстаханасы деуге толық негіз бар.