QazVac вакцинасы QMDB Halal стандарты бойынша сертификаттаудан өтіп жатыр
Отандық екпеге Индонезия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді шетелдік мұсылман елдері қызығушылық танытқан.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ершат Ағыбайұлының айтуынша, QazVac вакцинасы қазіргі таңда QMDB Halal стандарты бойынша сертификаттаудан өтіп жатыр. Ол, сондай-ақ, отандық вакцинаға Индонезия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді шетелдік мұсылман елдері де қызығушылық танытып отырғанын айтты.
"QazVac – Covid-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вирустан дайындалған, тазартылған, адъювант – алюминий гидрототығы қосылған, концентрацияланған вакцина. Ғалымдар жүргізген клиникалық сынақтың ІІІ кезеңінің нәтижесі бойынша вакцинаның тиімділігі 90%-дан жоғары. Бұл ретте, вакцинаның шариғатқа сай дайындалуын қадағалау мақсатында аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс жасауға бағытталған институт зертханасымен таныстық. Бұған дейін QazVac вакцинасын құраушы негізгі компоненттерді жеке-жеке қарастырып, шариғат және пәтуа мамандарының назарына ұсынған болатынбыз. Алматыда басталған ғұламалар кеңесінде осы мәселе бойынша діни сарапшылардың пікірі назарға алынады", – деді Ершат Ағыбайұлы.
ҚМДБ сертификаттау процесі аяқталған соң оның қорытындысын хабарлайды.
Оқи отырыңыз: Қандай екпе аласыз? Коронавирусқа қарсы вакцинаны таңдауға қажет мәліметтер