Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауында дауыс берді
Дауыс беру кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында өз таңдауын жасады.
Президент Оқушылар сарайындағы №58 учаскеде дауыс берді.
"Саяси реформаларды жалғастыру қажет, әйтпесе тоқырап қаламыз. Екінші жағынан президент сайлауынан кейін заң бойынша үкіметке отставкаға кету міндетті емес. Бұл парламент сайлауынан кейін міндетті тәртіппен жүзеге асырылады. Парламент сайлауы туралы жыл соңында арнайы мәлімдеме жасаймын. Сол себепті үкімет жұмыс істей береді, бірақ үкімет құрамында өзгерістер болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған капиталдарға қатысты сұраққа жауап берді.
"Жоспарға сәйкес жұмыстар ары қарай да жалғасын табады, мен бұл туралы айттым. Бас прокурор басқаратын арнайы комиссия құрылды, оның жұмысын өзім тікелей бақылаймын. Алдағы уақытта мемлекеттен заңсыз шығарылған капиталдарды елге қайтаруға қатысты заң қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Әрине, ерік-жігер керек", – деді Тоқаев.