Қарағанды облысындағы №2 Білім-инновация лицей-интернатында оқитын балалардың ата-аналары наразылық білдірді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ата-аналардың сөзінше, интернатта оқушыларға мүлдем жағдай жасалмаған. Қыз балалар жатып оқитын ғимаратта жылу мен ыстық су жоқ. Соның кесірінен қыздар қысы-жазы суық суға жуынады.

Мектеп-интернат қабырғаларының сылағы түсіп, едендері қырық жамау күйге түскен. Одан бөлек, мектеп жылу мен ыстық судан ажыратылған Соған орай, ата-аналар өз қалталарынан ақша шығарып титандар орнатып беріпті.  

"Титан болғанымен, оның суы тез бітіп қалады. Ең бірінші болып шомылған қыздар ғана үлгере алады. Қалғандарына су жетпей қалады. Олар салқын суға шомылуға мәжбүр", – деді ата-аналардың бірі Алтын Жалғасбаева.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Білім басқармалары мектептерге еркіндік бергісі келмейді


200-ге жуық қыз бала оқитын мектеп-интернатта медициналық пункт жоқ. Асханасы да талапқа сай жабдықталмаған.

"Маусым айында лицейде күрделі жұмыстар басталады. Оған 716 миллионға жобалық-сметалық құжат дайынағанбыз. Қазіргі таңда конкурстық жұмыстарды бастадық. Қорытынды шыққан соң мердігер ұйым жұмысын жалғастырады", – деді Қарағанды облыстық білім басқармасы материалдық-техникалық бөлімі меңгерушісі Серікбол Ибрагимов.

Қазіргі таңда мектепті газға қосу құжаттары дайындалып жатыр. Жоспар бойынша, күзге қарай жылыту мәселесі толығымен шешілмек. Күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылға жоспарланған. Биыл жазда 100 миллион теңгеге интернаттың шатыры ауыстырылады.