Қарағандыда зообақ қызметкерлері арыстанның күшіктерін сатпақ болған
Олардың біреуі сотта кінәсін жартылай мойындаса, қалған екеуі тағылған айыппен келіспейді.Қарағандыда арыстанның күшіктерін сатпақ болған хайуанаттар бағының қызметкерлері сот алдында жауап беріп жатыр. Зообақ директорының орынбасары мен екі қызметкер былтыр қылмыс үстінде қолға түскен, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Олар былтыр маусым айында арыстанның екі күшігін қорапқа салып, мекемеден шығарған. Осылайша, алдын ала келіскен клиентке өткізуді жоспарлаған. Бірақ полицейлер заңсыз сауданың жолын кесіп, аландарды зообаққа кері қайтарған еді. 22, 37 және 44 жастағы үш күдіктіге "сирек кездесетін және жойылу қаупі бар аңдарды дұрыс күтпеу” және "ұрлау" баптары бойынша айып тағылған.
Олардың біреуі сотта кінәсін жартылай мойындаса, қалған екеуі тағылған айыппен келіспейді. Ал хайуанаттар бағының басшысы сотқа куәгер ретінде қатысып жатыр.
"Қызметкерлердің берген түсініктемелеріне сәйкес олардың жануарларды сату мақсаттары болмаған. Сонымен қатар жануарлар зообақ аумағынан шығарылмаған, ал сол шығарған жерлері ол да зообаққа тиесілі болады. Дегенмен қазір іс қозғалды. Сот жүріп жатыр. Әділ шешімге келеді деген үміттеміз", – деді Қарағанды қаласы әкімдігі бөлім басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков.