Қарағандыда үш айдан бері жалақы алмаған көмір фабрикасының жұмысшылары бас көтерді
Фабрика жұмысшыларды шілде айынан бастап ақысыз демалысқа жіберіп жатыр.Қарағандыда "Kaz Феррит" көмір байыту фабрикасының жұмысшылары үш айдан бері жалақы алмай жүргенін айтып шағымданды. Сөздерінше, басшылық "АрселлорМиттал Теміртаудан" 2,5 миллиард теңге қарызды өндіре алмай отырғандықтан айлықты кешіктіруге мәжбүр болған. Қысы-жазы алпауыт компанияға таскөмірді өндіріп, байытып берумен айналысқан азаматтар мәселені шешіп беруді талап етеді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдаралмасы.
"Шілде айының басынан бастап жалақы төлеп жатқан жоқ. Қашан төленеді? Кішкене тоса тұру керек екенін айтты, тостық. Ары қарай күтудің мәні жоқ, департаментке бардық. Еңбек қорғаушыларына да бардық, олар да үнсіз", – деді жұмысшы Қайрат Ахметов.
Тағы бір жұмысшы бірнеше айдан бері несие төлей алмай отырғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның 7 таулы аймағына онлайн-режимде мониторинг жасайтын қондырғылар орнатылады
"Басшылық жалақы төлей алмаған соң, шілде айынан бастап бізді ақысыз демалысқа шығарып жатыр. Үш айдан бері ақшасыз отырмыз. Несиеміз төленбей жатыр. Маған компания 507 мың теңге қарыз", – деді Вероника Кузьмина.
Ал "Kaz Феррит" компаниясы бас директорының айтуынша, "АрселорМитталдың" қазіргі таңда жұмысшылар алдындағы берешегі 2,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл ақшаны алмайынша, жұмысшыларға жалақы төлей алмаймыз, дейді.
"Қазір жұмыскерлердің барлығын ақысыз демалысқа жібердік. Жалақысының елу пайызы сақталады. "АрселорМитталл Теміртау" біздің тапсырыс берушіге қарыз. Шамамен 2,5 млрд теңге. Сол себепті фабриканың жұмысы тоқтап тұр", – деді "Kaz Феррит" ЖШС бас директоры Бекжан Көпбаев.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан" шахтасындағы жазатайым оқиғаның себебін анықтайтын арнайы комиссия құрылды
"АрселорМитталл Теміртау" компаниясының өкілдері бұл мәселеге байланысты жауап беруге асықпайды. Еңбек инспекциясы болса ұжымдық арыз бойынша фабрикаға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жұмысшылар енді прокуратураға арызданбақ.