Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Абай облысында орман өртінен зардап шеккен отбасылардан шыққан балаларға 10 білім беру грантын береді. Мұндай шешімді ЖОО басшылығы қабылдады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің сайты

"Біздің университет Абай облысының тұрғындарына әсер еткен үлкен қиыншылықтан тыс қала алмады. Біз оларды осындай қиын кезеңде қолдау керек деп шешім қабылдадық. Осы мақсатта біз орман өртінен зардап шеккен отбасылардан шыққан балаларға университет қабырғасында тегін оқуға 10 грант беруге дайынбыз. Қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамыз", – деді ҚарУ ректоры аппаратының басшысы Серік Қалқаманов.

Сонымен қатар, ҚарУ еріктілері орман өртінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға көмектеседі.


Оқи отырыңыз: Абай облысындағы өрт: Зардап шеккен отбасынан шыққан балаларға үздік сауықтыру орталықтарына жолдама берілді


Айта кетейік, 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне өз гранттары мен жатақханалардағы орындарын беруге дайын.