QaraFest фестивалінде "Қаңғыбастар" фильмі үздік деп танылды
Жеңімпазға 2 000 еуро көлемінде сыйақы берілді.Қазақстанда QaraFest онлайн-фестивалі өз мәресіне жетті. Халықаралық байқаудың нәтижесі бойынша "Үздік фильм" жүлдесі "Қаңғыбастар" фильміне бұйырды.
Биыл 23-28 қыркүйек аралығында Алматыдағы "Арман" кинотеатрында QaraFest фестивалінің фильмдері көрсетілді. Ал 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында qarafilmfest.kz алаңында онлайн-фестиваль өтті. QaraFest бағдарламасында Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды көрермен назарына ұсынылды. Барлық фильм түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетілді.
Көрсетілімдер Сорос-Қазақстан қорының және Нидерландтық movies That Matter кинофестивалінің гранттар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл фестиваль 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келеді, әйтсе де, жоба авторы әрі менеджері Ульяна Топоровскаяның айтуынша, биыл алғаш рет әрі онлайн, әрі офлайн өткен.
"Биыл орайы келіп, фестиваль фильмдері онлайн ғана емес, кинотеатрда да көрсету мүмкіндігі туғанына әлі де сене алар емеспін. Біздің фильмдерді "Арман" кинотеатрынан және qarafilmfest.kz алаңынан онлайн көрген әрбір көрерменге алғысым шексіз. Биыл фестиваль бағдарламасына таңдалған әрбір туынды көрерменнің жан-дүниесіне жол тауып, әр кейіпкер өз тағдырымен толғандырды деп сенемін һәм үміттенемін", – деді Ульяна Топоровская.
Фестивальді биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық байқау қорытындылады, онда 4 номинация бойынша жүлде тағайындалды.
Сонымен, "Үздік фильм" жүлдесі (2 000 еуро) "Қаңғыбастар" (режиссері Элизабет Ло, АҚШ) фильміне бұйырды. Бұл туынды Стамбулдың кезбе көшелерін кезіп жүрген үш иттің көзімен баспанасыз өмір сүрудің қандай болатынын көрсетеді. Зейтин, Назар және Картал атты үш ит әр күнін жейтінге тамақ, жататынға тұрақ іздеумен өткізеді. Қызыққа құмар иттер қараусыз қалған үйлер мен шулы көшелерді кезіп, бұрыш-бұрышты тінтуден шаршамайды, сол арқылы автор түрік қоғамының көлеңкеде қалған өмірін көрсеткісі келгендей.
"Үздік режиссёр" номинациясында (2000 еуро) "Әулие әке" туындысы (Румыния) үшін Андрей Даскалеску жеңімпаз атанды. Андрей есімді режиссер мен оның жұбайы Паула екеуі алғаш рет ата-ана атанбақ. Андрейдің өзі әкесіз өседі. Әке болудың қыр-сырын түсіну үшін ес білгелі көрмеген әкесін іздеп-тауып, онымен татуласуға бел буады. Бүгінде Афонда монах боп жүрген әкесінен отбасын тастап кетуінің себебін сұрап-білуге, түсінуге тырысады. Фильм әке мен бала арасындағы қарым-қатынас қалай өрбітинін баяндайды.
Әділ-қазы алқасының арнайы жүлдесін (1000 еуро) "Бағбан" картинасы (режиссері Саломе Джаши, Грузия) алды. Фильмде Грузия жағалауларынан осы елдің бұрынғы премьер-министрінің жеке бақшасына "көшіп" бара жатқан ірі, әдемі ағаштар туралы баяндалады әрі экс-басшының жеке бағын безендіру үшін орасан күш пен ресурс кететіні көрсетіледі. 100 жылдық тарихын артқа тастап Қара теңізді кесіп өтіп бара жатқан ағаштардың оқиғасы ойландырмай қоймайтыны анық. Фильм премьерасы 2021 жылы Sundance Film Festival халықаралық кинофестивалінде көрсетілді.
Жастардан құралған әділ-қазы ұжымы "Өзіміздің жігіттер" (режиссёрлері: Джо Вемюнд Свендсен, Петтер Соммер, Норвегия) фильмін үздік деп таныды. Орта жастағы 25 жігіт әр сейсенбіде күнделікті тіршіліктен бас алып, әйел, бала-шағасын үйге тастап, бірге рок-әндер айтуға жиналады. Достық, бауырмалдық, музыкаға деген махаббат және өмірдің құндылықтары туралы фильм.
Айта кетейік, жүлде тағайындаған әділ-қазы алқасы 3 санаттан құралды: халықаралық төрешілер, жастар төрешісі және құрметті көремен.
Халықаралық төрешілер құрамына:
- Ондрей Каменицки, One World адам құқықтары туралы халықаралық деректі фильмдер фестивалінің директоры (Чехия);
- Мариам Чуткерашвили, CinéDOC-Tbilisi халықаралық деректі фильмдер фестивалінің бағдарлама үйлестірушісі (Грузия);
- Руслан Якупов, Styq тәуелсіз музыкалық бірлестігінің негізін қалаушы, "Транформа" театрының арт-менеджер (Қазақстан).
Жүлдегерлер тізімі мұнымен бітпейді. Енді көрермен қауым өзінің сүйікті туындысына дауыс беріп, "Көрермен көзайымы" номинациясының жеңімпазын анықтай алады. Ол үшін 13 қарашаға дейін (бірақ кем дегенде 200 адам дауыс берсе ғана, дауыс беру аяқталды деп саналады) qarafilmfest.kz сайтында онлайн дауыс беру қажет. Жеңімпазға 1 500 еуро көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.
Жоба авторы Ульяна Топоровская көрерменге биылғы фестиваль бағдарламасына зор қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, биыл фильмдерді онлайн және оффлайнды қоса алғанда барлығы 3 500 көрермен тамашалаған.
"Көрерменнің ыстық ықыласы мен кері байланысы ерекше қуантты. Әлбетте, жобаның болашағы туралы бір сөзбен айтуға әлі ерте. Бұл тәжірибені талдаудан өткізіп, оң-солын түзетіп, болашақ бағыт-бағдарымызды түзу үшін біраз уақыт керек. Десек те, алдағы уақытта да осындай жанға жылы, жүрекке жұмсақ, көңілге жайлы туындыларды көрерменге ұсынғым келеді. Сондай-ақ, Орта Азия документалистеріне арналған AÝT Central Asia алаңын дамытуға көп көңіл бөлемін", – деп түйді Ульяна Топоровская.
Айта кетейік, биыл елімізде алғаш рет AÝT Central Asia 2021 Орталық Азиядағы деректі жобалар питчингі өтті. Онлайн форматта өткен шараға Германия, Чехия, Ресей, Литва, Дания, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Португалия, Тәжікстан және Түркіменстан сияқты елдердің киноиндустрия мамандары қатысты. Қатысушылар ұсынған жеңімпаз жобалар қомақты жүлделермен ынталандырылды.
Сүйінбике Сулейменованың MÄTIL жобасы DOK Leipzig халықаралық кинофестивалінің өкілі Ульрике Шмидттің назарына ілігіп, жобаның авторы биыл Германияда өтетін DOK Leipzig жиынына қатысуға аккредитация алды, сондай-ақ, халықаралық ко-продукция өндіруге бағытталған еуропадағы DOK Co-Pro ірі кинонарығына бақылаушы есебінде қатысу мүмкіндігіне ие болды.
"Артдокфест" халықаралық деректі кинофестивалінің президенті, режиссер-документалист Виталий Манский "Өзен қандай түс көреді" жобасын үздік деп таныды, сондай-ақ, Диана Жилкенованың "Жертөле" деп аталатын туындысына ерекше баға берді. Бұл жеңімпаз жобалар биылғы жылдың 9-12 қыркүйегінде өтетін Artdocfest/Riga питчингіне қатысуға мүмкіндік алды, мұнымен қатар, биыл желтоқсан айында Мәскеуде өтетін "Артдокфест" фестиваліне сапар шегеді.
Ал Internews өкілдері Алевтина Мадьярова мен Манана Асламазян "Балдай тәтті дүмбіл" фильміне 1 000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық берді.