Қаңтарда тәртіпсіздік ұйымдастырған 25 экстремистік топ мүшесі ұсталды – Берік Асылов
Бүгінде осы істер бойынша 573 адам сотталған.Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеп, тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды, деп мәлімдеді бас прокурор Берік Асылов.
"Қылмыскерлер әкімдік, әуежай, ҰҚК, полиция, телевидение және байланыс ғимараттарын басып алып, жойып жіберді. Яғни, террористік актілер жасалды. Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар", – деді бас прокурор.
Мұнымен қатар, Берік Асылов ұсталған азаматтардың ішінде 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталғанын айтты. Сондай-ақ, ол жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға шетел азаматтарының да қатысқанын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандар санын растады
"Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұдан бөлек, шетел азаматтары жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып отыр. Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікістан азаматтары бар", – деді Берік Асылов.
Бүгінде осы істер бойынша 573 адам сотталған. Оның ішінде 2 іс – теракт жасау фактісі бойынша.
Оқи отырыңыз: Қаңтардан қаңтарға дейін: Бір жыл саяси баға беруге жеткілікті ме?
"Қызылордада Құдайбергенов әскери қызметкердің автокөлігін тартып алып, әскерилер тобына шабуыл жасаған. Соның салдарынан Қайсаров қаза болды. Таразда Бекболов әкімдіктің ғимаратына шабуыл жасауға қатысып, полиция қызметкерлері мен әскерилердің бастарынан оқ атуға шақырған. Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталды. Олардың 13-іне қатысты іс сотта қаралуда", – деп қосты Берік Асылов.