Алматы облысында 5 қаңтар күні оқ тиіп қаза болған 21 жастағы Олжас Әлімжанұлының денесін жақындары мәйітханадан алып, арулап көмген. Алайда әлі топырағы кеуіп үлгермеген марқұмның мәйітін полицейлер қайтадан қазып алып, сараптама жүргізбек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Олжас Әлімжанұлы 5 қаңтар күні түскі сағат 14:00 шамасында үйдегілерге "жұмысқа барып келемін" деп кеткен. Ол "Алтын орда" базарындағы дүңгіршектердің бірінде ұялы телефонның бөлшектерін сатумен айналысатын. Бірақ, көп ұзамай ата-анасына "Олжасқа оқ тиіп, ауруханаға түскені" туралы хабар жеткен. Жақындарының айтуынша, оқ Олжастың жамбасына тиген. Алайда, оған нақты кімнің және қай жерде қару атқаны белгісіз.

"Оқ тигеннен кейін ауруханада 8 сағат ота жасаған. Екі күн сол жерде жатты. Содан кейін денесін моргтен берді. Алып келдік. Рұқсат күйінше жерленді. Енді 15 күннен кейін қайтадан ашамыз деу дұрыс емес. Қысқасын айтқанда, мәйітті аштырмаймыз", – дейді марқұмның жақындарының бірі.


Оқи отырыңыз: Жаппай тәртіпсіздік кезінде тұтқындалғандардың мыңнан астамы әлі қамауда отыр


Олжастың денесін аларда мәйітхана қызметкерлерінің мүрдені тексеріп, өз қолдарымен тапсырғанын айтқан әкесі де "баламның қабірін қазғызбаймын" деп отыр.

"Мәйітті ашып, қайта тексеруіне мүлде қосылмаймын. Бәріне дайынмын, аштыра алмаймын", – дейді марқұмның әкесі Әлімжан Сәбенұлы.

Әлімжан Сәбенұлы ұлын Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір ауылына жерлейтінін ауыл әкіміне де, дәрігерлерге де ескерткенін айтады. Ал марқұмның жақындарына өзі келген Жамбыл аудандық полициясының бастығы Айдар Омаров мүрдені қазып, сараптама жасайтындарын айтады.

"Сіздерден рұқсат керек. Бізде аудандық соттың қаулысы бар. Ертең бәрібір сұрақ туындайды. Күдікті адамды ұстау керек қой. Сіздер көміп қойдыңыздар. Бізге эксперттен толық құжат керек", – деп түсіндірді Айдар Омаров.

Олжас бір үйдің жалғыз ұлы екен. Артынан ерген қарындасы ғана бар. Ал, облыстық полиция департаменті мәйітке сараптама жасалмағанын, азаматтың қазасының себебін анықтау үшін эксгумация қажет екенін айтады.