Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 281 адам әлі қамауда отыр
Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 721 адам күдікті деп танылды.Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, қазіргі уақытқа дейін сотқа 288 қылмыстық іс жолданған.
Loading...
"Қылмыстық істер бойынша 275 адам сотталды. Оның ішінде 22 адам бас бостандығынан айыру, қалғандарына бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыс пен айыппұл түріндегі жаза қолданылды", – деді Елдос Қилымжанов.
Прокуратура мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 721 адам күдікті деп танылды, оның ішінде 281 адам қамауда отыр.
Loading...
Прокуратура өкілі қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған сарбаз Мадияр Қайсаровтың өліміне қатысты істің аяқталғанын айтты.
"Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған қаңтар оқиғаларының бір қатысушысына қатысты тергеу аяқталды. 5 қаңтарда Қызылорда қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде күдікті мен оның сыбайластары ұлттық ұлан Камаз жүргізушісін қатыгездікпен ұрып-соққан. Күдікті әскери техниканы айдап әкетіп, қозғалтқыш педалына кірпіш қойған. Кейін көлікті әскерилер қоршауына бағыттап, қылмыскердің өзі Камаз кабинасынан секіріп кеткен. Көлік асқан жылдамдықпен әскерилерді басып, нәтижесінде сарбаз Мадияр Қайсаров көз жұмды. Күдіктінің әрекеті терроризм актісін жасау бойынша сараланды. Мадияр Қайсаров отбасындағы жалғыз бала болған, осы жылы ол 20 жасқа толар еді", – деді Елдос Қилымжанов.
Оқи отырыңыз: Қаңтардағы тәртіпсіздікке қатысқан 17 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды