Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілер бірнеше БАҚ ғимаратын қиратып, "Көктөбе" телемұнарасына барған. Алайда қолына қару мен граната ұстағандар мұнараға кіре алмады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

7-8 азамат тікелей эфирге телемұнара арқылы шығамыз деп келген. Бірақ нақты қандай ақпарат тарататынын түсіндірмепті. Мекеме басшысы күндізгі сағат үш шамасында ондай техникалық мүмкіндіктің жоқ екенін жеткізген соң, бұрылып кеткен. Артынша араға жарты сағат салып сарбаздар келіп, телемұнараны қоршауға алған.

Екі әскери техника мен 25 сарбаз 5 күн бойы "Көктөбені" қоршап тұрған. Телемұнара директорының айтуынша, 6 қаңтар күні белгісіз азаматтар кеткен соң, ғимараттың төмен жағында атыстың дауысы шыққан.


Оқи отырыңыз: 


"Көктөбе" телемұнарасынан 24 эфирлік цифрлық канал мен 19 радио таратылады. Алматы мен 100-200 ауылы бар елдімекендер осы жерден хабар алады. Егер ішке кірсе, цифрлық телевизия мен радиомыз өшіп қалатын еді", – деді телемұнара директоры Қайсар Раздықов.

Қалада бүлік болып жатқан кезде ғаламтор істемесе де, теледидар мен радиолар істен шыққан жоқ. Қазір мұнда жұмыс қалыпты.

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған 174 күдіктінің қылмыстық ісі айыптау актісімен аяқталғаны туралы хабарлаған едік.