Қандай әдеттер қатерлі ісікке әкеледі? Зерттеу қорытындысы
Темекі шегу қатерлі ісікке әкелетін жетекші фактордың бірі болып отыр.Әлемнің 204 елінің ғалымдары, оның ішінде Қазақстанның да ғалымдары бар, онкологиялық аурулардан болатын өлім санын азайту мүмкіндіктерін тапты, деп хабарлады Zakon.kz.
"The global burden of cancer attributable to risk factors, 2010–19: a systematic analysis for the Global Burden of Disease Study 2019" зерттеуі 204 елдің медициналық жазбалары мен ұлттық онкологиялық реестрлерге негізделген. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ мамандары Ильдар Фахрадиев пен Мұхтар Күлімбет Қазақстанға қатысты деректерді жинауға көмектесті.
Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікті емдеу қиын, алдын алу оңай. Скринингтен кімдер және қандай жиілікпен өтуі тиіс?
Зерттеу 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңдегі нәтижелерді қамтиды. Ол биыл сәуір айында жарияланды. Зерттеуде 4,45 миллионнан астам қатерлі ісік өлімі зерттелген.
Ғалымдар онкологиялық ауруға әкелу қауіпті жоғары факторлардың ішінде темекі шегу, алкоголь ішу және дене салмағының жоғары индексін атады. Сонымен қатар, семіздік сияқты метаболикалық қауіп факторлары да 2010 жылдан 2019 жылға дейін өсті.
Зерттеуге сүйенсек, дүние жүзінде 2019 жылы ерлер де, әйелдер де жұтқыншақтың, бронхтың және өкпенің қатерлі ісігімен жиі ауырған. Ерлерде тоқ ішек және тік ішек, өңеш және асқазан ісігі, әйелдерде жатыр мойны, тоқ ішек және тік ішек және сүт бездерінің қатерлі ісігі жиі болған.
Оқи отырыңыз: Алматы онкология орталығының директоры қатерлі ісікке кімдер жиі шалдығатынын айтты
Дүние жүзінде қатерлі ісік ауруынан болатын өлім-жітімнің жоғары пайызы және DALY (ауруханада болған күндер) көбеюі көбінесе адамның мінез-құлқы мен әдеттеріне байланысты болды. Бүкіл әлемде қатерлі ісік ауруының жетекші қауіп факторы темекі шегу болып қала береді, ал басқа себептер бүкіл әлемде әртүрлі.
Зерттеу авторлары білімге қол жеткізу және кедейшілікті азайтуды, медицина қызметін тұтыну теңдігін жақсартуды ұсынды. Бұл онкологиялық ауруларды бақылауға көмектесуі мүмкін. Сондықтан елдер ерте диагностикалау үшін денсаулық сақтау жүйесін дамытып, онкологиялық аурулардың жекелеген түрлерін скринингтік тексеру және тиімді емдеу нұсқаларын әзірлеу сияқты қатерлі ісікпен күресудің кешенді стратегияларына инвестиция жасауға тиіс.