Қай жаста және қандай аурулар бойынша тегін скринингтен өтуге болады?
Скринингтік тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүргізіледі18 жасқа дейінгі балалар мен 30-70 жас аралығындағы қала тұрғындары скринингтен жергілікті емханасы арқылы өте алады. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Тексерістен кімдер өтеді?
Емдеу-профилактикалық қызмет бөлімі жетекшісі Ләйла Иманғалиеваның айтуынша, скринингтік тексерулер мен анализдерге жолдаманы емханадағы жалпы практика дәрігері немесе учаскелік терапевт береді.
"Балалар кәмелеттік жасқа толғанша профилактикалық тексеруден өтіп отырады. Балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттері аумақтық емханаға бекітілген. Ал балабақшаға бармайтын балалар тексеруден тіркелген емхана арқылы өтеді", – деді басқарманың бөлім басшысы Гүлнар Қалибекова.
Оқи отырыңыз: Қызылшадан қалай сақтануға болады? Дәрігер кеңесі
Скринингтік тексерістің қандай түрлері бар?
• Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторлары;
• Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті;
• Глаукомаға тексеру;
• Жатыр мойны обыры;
• Сүт безі обыры;
• Колоректальды обыр;
• В мен С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.
Оқи отырыңыз: Ауыл тұрғындары 18 жастан бастап скринингтен өте алады
Скрининг түрлеріне қарай өту уақыты да өзгеріп тұрады. Нәтижесіне қарай, ем тағайындалады.
"Скринингтің кейбір түрлері әр екі немесе төрт жылда бір рет өткізіледі. Тексерілу мерзімі белгілі бір аурудың уақытына қарай белгіленеді. Тексеруден кейін пациенттер қосымша тексеріліп, консультация алу үшін арнайы маманға жіберіледі. Оларға тиісті ем тағайындалады", – дейді Ләйла Иманғалиева.