Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген ҚР президентінің 2022 жылға арналған стипендиясын жоғары оқу орындары бойынша бөлу туралы бұйрығының жобасында биыл студенттері президенттік стипендия алатын университеттер тізімі берілген. 

Олар: 

  • Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы – 22 грант; 
  • Қазақ ұлттық өнер университеті – 15 грант;
  • Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер академиясы – 6 грант. 

Президент стипендиясы ай сайын төленеді. Студент 41 898 теңге, ал магистранттар 107 060 теңге алады. Стипендия бір академиялық кезеңге (семестрге) тағайындалады.

2021 жылы студенттер 18 президенттік стипендияны иеленді. Шәкіртақылар жоғарыда аталған жоғары оқу орындарының студенттері арасында үлестірілді. 


Оқи отырыңыз: Маңғыстауға бөлінген мемлекеттік білім гранттарының төрттен үші игерілмеген


Еске салайық, президенттік стипендия күндізгі оқу нысанының студенттеріне 3-курстан бастап және магистранттарға 2 курстан бастап "үздік" (А, А-) білім алушыларға мемлекеттік білім беру гранты, сондай-ақ ақылы негізде де тағайындалады.

Стипендияға кімдер үміткер бола алады: 

  • республикалық және халықаралық олимпиадалар, шығармашылық конкурстар, спорт жарыстарының, фестивалдардың жеңімпаздары, ғылыми жаңалықтар, өнертабыстардың авторлары;
  • республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда, ғылыми еңбектердің жинақтарында жарияланымдары барлар;
  • жетістіктері дипломдармен, мақтау қағаздарымен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді айналысатындар;
  • білім беру ұйымдарының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысатындар.