Президент жолдауы аясында Батыс Қазақстан облысында 77 мектеп салынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауы аясында Батыс Қазақстан облысында 77 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, 51-і шағын жинақты мектеп болса, 26-сы нысаналы мектеп болады. Жоспардағы барлық білім беру мекемесінің құрылысы аяқталса, апаттық, үш ауысымдық және орын тапшылығы бар мектептер мәселесі толығымен шешіледі.
Сондай-ақ, ел президенді өз жолдауында мектепке дейінгі білім беру саласына да ерекше тоқталған еді. Әсіресе, балабақша қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қажет екенін айтқан болатын. Бүгінде облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 3 900 педагог жұмыс жасайды. Оның 94 пайызында арнайы кәсіби білімі бар. Сондай-ақ, жыл сайын кестеге сәйкес біліктілігін арттыру курсынан өтіп отырады.
"Бүгінгі таңда облыс бойынша 30 197 баланы қамтитын 521 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, 119-ы жекеменшік, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі қамту - 100%-ды, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту – 87,4%-ды құрайды", – деді БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Сонымен қатар, биыл "Балалар жылы" аясында білім басқармасы 80-нен астам іс-шараны қамтитын облыстық жоспар бекіткен. Басқарма басшысы қазіргі таңда жұмыс кезең-кезеңімен орындалып жатқанын айтады. Ол жоспарланған жаңа жобалар жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті.
"Оқушылардың білім алу сапасын арттыру бағытында, педагог қызметкерлері қажеттілігін азайту мақсатында "Мобильді мұғалім" жобасы жүзеге асып жатыр. Облыы бойынша педагогтардың 56 пайызы және білім беру ұйымдары басшыларының 24 пайызы жаңа форматтағы аттестациядан өтіп, жалақыларына үстемақы алып отыр. Биылдың өзінде 73 мекеме басшылары ротацияланды", – дейді Айгүл Мыңбаева.
Қазіргі таңда елде балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. БҚО білім басқарма басшысы да болашақ ұрпақтың сауатты әрі қабілетті болуына жауаптымыз дейді. Бүгінде басқарма сол балаларға дәріс беретін педагогтардың да біліктілігіне баса назар аударып жатыр.