Президент жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуі қажеттігін айтты
Елдегі проблемалық несиелер көлемі жарты трлн теңгеге жетті.Мемлекет басшысы жаңа жылдың басында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданатынын атап өтті.
"Бүгінде проблемалық несиелер көлемі жарты трлн теңгеге жетті. Миллионнан астам адам несие бойынша өз борышын өтей алмай отыр. Олар шарасыздықтан бұрынғы несиесін жабу үшін жаңасын алуға мәжбүр болып отыр. Сол себепті 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Оңалту және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң іске қосылуы тиіс", – деп тапсырды президент.
Мұнымен қатар, ол кепілсіз онлайн-микронесиелерді қатаң реттеу қажеттігін айтты. Кей елде бұған толық тыйым салынғанына тоқталып, шетел тәжірибесін зерттеу қажет екенін алға тартты.
"Несиесін төлемегеніне 90 күннен асқан борышкерлер мәселесін реттеу тетігін ойластыру қажет. Жақын арада тиісті Жарлыққа қол қоямын", – деді мемлекет басшысы.