Президент: Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр
Президент инфрақұрылымның тозғанын айтты.Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу қажет. Сырттан келетін су азайып барады, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Мұнымен қатар, ол инфрақұрылымның тозғанын сынға алды.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан Темір Жолы" компаниясы қайта құрылады
"Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек", – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев қажет мамандарды даярлау үшін аталған саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орындарын анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, ол су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу қажет екеніне тоқталды.