Мемлекет басшысы Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында ҚХР басшысы Си Цзиньпинмен халықтардың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаласқанын атап өтті. Мұнымен қатар, тұңғыш рет өтетін "Қытай – Орталық Азия" саммитінен не күтетінін айтты. 

"Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады. 2019 жылы қыркүйек айында мен Қытайға мемлекеттік сапармен бардым. Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен нәтижелі келіссөз жүргіздік. Халықтарымыздың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаластық. Демек, біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мәңгі достықты нығайта түсуіміз керек. Бұл қазақ халқының мүддесіне, нақтырақ айтқанда, ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келеді. Мен осындай саясатты берік ұстануға ниеттімін. Жақын көршіміз – Қытаймен арадағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екені сөзсіз", – деді президент. 

Ары қарай Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Орталық Азия елдерінің бір-біріне тек экономикалық жағынан емес, стратегиялық тұрғыдан да  жақындай түскенін атап өтті. Осы орайда Қазақстан мен Қытай арасында ынтымақтастықты ілгерілетуге бар күшін салатынын мәлімдеді. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев Қытай мен Орталық Азия елдерінің жақындасуы туралы: Біздің ниетіміз түзу әрі шынайы


"Сиань саммиті нәтижелі болады деп үміттенемін. Қытай біздің аймақта, яғни Орталық Азияда өте маңызды рөл атқарады. Бұлай болуы заңды да.  Орталық Азия елдеріндегі әріптестерім Қытаймен арадағы қатынас бізге тиімді екеніне келіседі деп ойлаймын. Осы ынтымақтастықты ілгерілетуге біз де бар күш-жігерімізді жұмсаймыз", – деді мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ, ол таяуда неліктен Тайваньның тәуелсіздігін мойындау туралы идеяны теріске шығарғанын түсіндірді. 

"Жалпы, бүкіл әлем мына мәселені анық түсінуі керек деп санаймыз. Екі Қытай болмауы керек. Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Демек, БҰҰ Жарғысында бекітілген барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы туралы қағидат мүлтіксіз сақталуға тиіс. Бұл қағидат Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жарғысы мен декларациясына да енгізілді. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі.  Бұл анық.  Оған ешқандай шүбә келтірмейміз", – деді президент.