Президент: Қытаймен аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті көздейтін мұратымыз бір
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы көлік-транзит мәселесіне тоқталды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары кезінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды екенін атап өтті.
"Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды", – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстанда Қытайдың ірі техникалық университетінің филиалын ашуға мүдделіміз
Мұнымен қатар, президент екі ел арасындағы көлік-транзит мәселесіне тоқталып, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынды.
"Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей "Бір белдеу – бір жол" бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында "Бір белдеу – бір жол" жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді.
Оқи отырыңыз: Президент: Қытаймен стратегиялық серіктестік – қазақ халқының ұзақмерзімді мүддесі
Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ. Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.