Президент Назарбаевтың кітабы туралы: Мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес
Тоқаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемуар кітабы туралы пікірін айтты.
"Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Кезінде бір айтқыш "Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті" деген екен. Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада алпыс жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам", – деді Тоқаев.
Президент, сондай-ақ өзінің мемуарларды, публицистикалық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқитынын айта келе, дегенмен өзі үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын