Президент Люксембургтің сыртқы істер министрін қабылдады
Люксембургтің сыртқы істер министрі қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын айтты.Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Люксембург Ұлы Герцогтігінің сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрі Жан Ассельборнды қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы алаңында өткен келіссөздерін еске алды.
"Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақмерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан сіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге: Президент – әулие емес, оны мадақтаудан гөрі халық алдында абыройлы болу маңызды
Жан Ассельборн екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айтып өтті.
"Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясы бірлескен осы ірі жобаны жүзеге асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық", – деді министр.